Жақында тележурналистер мен саясаткерлердің коронавирустың тұмаудан асып кетпейтінін сенімді түрде айтып жатқан видеосын көріп қалдым. Мені таңғалдырғаны олардың қаншалықты қателескені ғана емес, сонымен бірге олардың батылдығы болды. Олар мұндай сөздерді айта отырып, қалайша өздерін қауіпсіз сезінді екен?
Бұған жауап, менің түсінуімше, олар ұсталып қаламыз деп ойламаған. Жалған болжам жасаудың қандай да бір қаупі бар екенін түсінбеген. Бұл адамдар үнемі жалған болжамдар жасайды және жазасыз қалады, өйткені олар болжаған нәрселердің нәтижелері не бұлдыр болып шығады да, олар даурығып жағдайдан сытылып кетеді, не болмаса тым алыс болашақта орын алатындықтан, олардың не айтқанын ешкім есіне де алмайды.
Індеттің жөні бөлек. Ол сіздің болжамдарыңызды тез әрі бұлтартпай жоққа шығарады.
Бірақ эпидемиялар өте сирек болатындықтан, бұл адамдар мұндай жағдайдың мүмкін екенін тіпті де түсінбегені анық. Оның орнына олар өздерінің үйреншікті әдісін қолдана берді, ал бұл әдіс, эпидемия анық көрсеткендей, өздері түсінбейтін нәрселер туралы нық сеніммен сөйлеу болып табылады.
Сондықтан мұндай оқиға адамдардың шынайы деңгейін өлшеудің теңдессіз қуатты тәсілі болып келеді. Уоррен Баффет айтқандай: «Су қайтқанда ғана кімнің жалаңаш жүзіп жүргенін білесің». Ал дәл қазір су бұрын-соңды болмағандай деңгейде тартылып кетті.
Енді нәтижелерді көрген соң, не көргенімізді есте сақтайық, өйткені бұл сенімділікті тексерудің бізде кездесетін ең дәл сынағы болуы мүмкін. Мен солай үміттенемін.