(Бұл — 14 және 15 жастағы жасөспірімдерге болашақта стартап ашқысы келсе, қазір не істеу керектігі туралы оқыған дәрісім. Көптеген мектептер оқушыларға стартаптар туралы бірдеңе айтуымыз керек деп есептейді. Меніңше, оларға мынаны айту керек.)
Көпшілігіңіз ертең «шынайы өмірге» қадам басқан кезде қандай да бір жұмысқа тұруым керек болады деп ойлайтын шығарсыздар. Бұл олай емес және бүгін мен сіздерге ешқашан жұмыс істемеудің бір айласы туралы айтып беремін.
Бұл айла — жеке компанияңызды ашу. Демек, бұл еңбектен қашудың амалы емес, өйткені өз компанияңызды ашсаңыз, қарапайым жұмыста істегеннен әлдеқайда көп еңбектенесіз. Бірақ сіз жұмыспен бірге келетін көптеген жағымсыз нәрселерден, соның ішінде не істеу керектігін бұйыратын бастықтан құтыласыз.
Басқа біреудің жобасына қарағанда, өзіңіздің жеке жобаңызда жұмыс істеу әлдеқайда қызықты. Әрі бұдан әлдеқайда байып кетуге де болады. Шын мәнінде, бұл — шынымен бай болудың қалыпты тәсілі. Баспасөзде анда-санда жарияланып тұратын ең бай адамдардың тізіміне көз жүгіртсеңіз, олардың барлығы дерлік бұған өз компанияларын ашу арқылы қол жеткізгенін көресіз.
Өз компанияңызды ашу шаштараз ашудан бастап Google-ды құруға дейінгі кез келген нәрсені білдіруі мүмкін. Мен осы тізбектің ең бір шеткі шегі туралы айтқалы отырмын. Мен сізге Google-ды қалай бастау керектігін айтамын.
Бұл тізбектің Google жағындағы компаниялар жас кезінде стартаптар деп аталады. Менің олар туралы білетін себебім: әйелім Джессика екеуміз Y Combinator атты жобаны бастадық, ол негізінен стартаптар фабрикасы саналады. 2005 жылдан бері Y Combinator 4000-нан астам стартапты қаржыландырды. Сондықтан біз стартапты бастау үшін не қажет екенін нақты білеміз, өйткені соңғы 19 жыл бойы адамдарға осы істе көмектесіп келеміз.
Google-ды қалай бастау керектігін айтамын дегенде мені қалжыңдап тұр деп ойлаған шығарсыз. «Біз қалайша Google аша аламыз?» деп ойлап отырған боларсыз. Бірақ Google-ды құрған адамдар да бұл істі бастар алдында дәл солай ойлаған еді. Егер сіз Google-дың негізін қалаушылар Ларри Пейдж бен Сергей Бринге өздері ашқалы жатқан компанияның құны бір күні триллион доллардан асатынын айтсаңыз, олардың төбе шашы тік тұрар еді.
Стартаппен жұмыс істей бастаған кезде сіздің білетін бар болғаны — осы іспен айналысуға тұрарлық сияқты көрінуі ғана. Оның миллиардтаған доллар тұратын компанияға айналатынын немесе банкрот болатынын алдын ала біле алмайсыз. Сондықтан сізге Google-ды қалай бастау керектігін айтамын дегенде, Google-дың Google болу мүмкіндігі қандай болса, дәл сондай мүмкіндігі бар компанияны бастай алатын деңгейге қалай жетуге болатынын айтып беремін дегенді меңзеймін. [1]
Қазіргі тұрған жеріңізден сәтті стартап бастай алатын деңгейге қалай жетуге болады? Сізге үш нәрсе керек. Сіз технологияның қандай да бір түрін жақсы меңгеруіңіз керек, нені жасайтыныңыз туралы идеяңыз болуы керек және компанияны бірге бастайтын тең құрылтайшылар қажет.
Технологияны қалай жақсы меңгеруге болады? Және қай технологияны үйрену керектігін қалай таңдайсыз? Бұл екі сұрақтың да жауабы бір болып шығады: жеке жобаларыңызбен айналысыңыз. Гендік инженерия ма, LLM бе әлде зымырандар ма — осылардың қайсысы білуге ең құнды технология болып шығатынын болжауға тырыспаңыз. Мұны ешкім болжай алмайды. Тек өзіңізді көбірек қызықтыратын нәрсемен айналысыңыз. Өзіңізге міндетті деп санағандықтан істеп жүрген нәрсеге қарағанда, өзіңізді қызықтыратын іске әлдеқайда көп күш саласыз.
Егер қай технологияны меңгеру керектігіне күмәндансаңыз, бағдарламалауды үйреніңіз. Бұл соңғы 30 жыл бойы орташа стартаптың негізгі қайнар көзі болды және алдағы 10 жылда да бұл өзгере қоймас.
Мектепте информатика сабағын оқып жүргендеріңіз дәл осы сәтте: «Жарайды, бұл мәселе бізде шешілген. Бізге бағдарламалауды онсыз да үйретіп жатыр» деп ойлауы мүмкін. Бірақ ғафу етіңіз, бұл жеткіліксіз. Сіз тек сабақта ғана үйренбей, жеке жобаларыңызбен де айналысуыңыз керек. Информатика сабақтарын жақсы оқып, бірақ бағдарламалауды ешқашан шындап үйренбей-ақ қоюға болады. Тіпті үздік университеттен информатика мамандығы бойынша диплом алып, бәрібір бағдарламалаудан түк білмеуіңіз де әбден мүмкін. Сол себепті барлық технологиялық компаниялар сіздің қай университетте оқығаныңызға немесе оны қалай бітіргеніңізге қарамастан, жұмысқа қабылдамас бұрын код жазу сынағынан өткізеді. Олар бағалар мен емтихан нәтижелері ештеңені дәлелдемейтінін жақсы біледі.
Егер сіз шынымен бағдарламалауды үйренгіңіз келсе, өз жобаларыңызбен жұмыс істеуіңіз керек. Бұл әдіспен әлдеқайда жылдам үйренесіз. Ойын жазып жатырсыз және оған бір нәрсе қосқыңыз келеді, бірақ оны қалай жасау керектігін білмейсіз делік. Оның жолын кез келген сабақта үйренгеннен әлдеқайда тез тауып аласыз.
Дегенмен, міндетті түрде бағдарламалауды үйрену шарт емес. Егер технологияға не жатады деп ойласаңыз, оған «жасау» немесе «құрастыру» сөздерімен сипаттауға болатын кез келген нәрсе кіреді. Демек, дәнекерлеу де, киім тігу де немесе видео түсіру де жатады. Өзіңізге не қызығырақ болса, сонымен айналысыңыз. Ең басты айырмашылық — сіз өндірушісіз бе, әлде жай ғана тұтынушысыз ба? Компьютерлік ойындарды жазып жатырсыз ба, әлде жай ғана ойнап жүрсіз бе? Бар мәселе осында.
Apple негізін қалаушы Стив Джобс жасөспірім шағында каллиграфияны — орта ғасырлардағы қолжазбаларда кездесетін әдемі жазу өнерін үйренуге уақыт бөлген. Бұл оның мансабына көмектеседі деп ешкім, соның ішінде өзі де ойлаған жоқ. Ол жай ғана бұған қызыққандықтан айналысты. Бірақ бұл оған орасан зор пайдасын тигізді. Apple-ды шын мәнінде үлкен еткен компьютер — Macintosh дәл компьютерлер 8 биттік ойындардағы компьютерлік жазулардың орнына баспа кітаптарындағыдай әріптерді жасай алатындай қуатты болған сәтте шықты. Apple бұл жағынан барлығын басып озды және оның бір себебі — Стив компьютер бизнесінде графикалық дизайнды шынымен түсінген санаулы адамдардың бірі болды.
Жобаларыңыз міндетті түрде салиқалы болуы керек деп ойламаңыз. Өзіңізге ұнайтын нәрсені жасап жүрсеңіз болғаны, олар қалағаныңызша ерсі немесе жеңіл-желпі бола алады. Бағдарламашылардың шамамен 90%-ы ойын жасаудан бастайды. Олар да, олардың достары да ойын ойнағанды жақсы көреді. Сондықтан олар өздеріне және достарына ұнайтын нәрселерді жасайды. Егер бір күні стартап бастағыңыз келсе, 15 жасыңызда дәл осымен айналысуыңыз керек.
Тек бір ғана жобамен шектелудің қажеті жоқ. Шындығында, бірнеше саланы қатар үйренген пайдалы. Стив Джобс тек каллиграфияны ғана оқыған жоқ. Ол электрониканы да үйренді, бұл тіпті одан да құнды болып шықты. Сізді не қызықтырса, соны үйреніңіз. (Бұл жердегі ортақ ойды байқадыңыз ба?)
Сонымен, сізге қажет үш нәрсенің біріншісі — технологияның бір немесе бірнеше түрін жақсы меңгеру. Мұны скрипка тартуды немесе футбол ойнауды қалай үйренсеңіз, солай жасайсыз: жаттығу арқылы. Егер 22 жасыңызда стартап бастасаңыз және дәл қазір өз бағдарламаларыңызды жазуға кіріссеңіз, онда компанияны құрған уақытқа қарай кемінде 7 жыл код жазумен айналысқан боласыз, ал кез келген нәрсені 7 жыл бойы машықтағаннан кейін оны өте жақсы меңгеруге болады.
Енді сіз 22 жастасыз және мақсатыңызға жеттіңіз деп есептейік: сіз қандай да бір технологияны өте жақсы меңгердіңіз. Енді стартап идеяларын қалай табасыз? Бұл ең қиын бөлігі сияқты көрінуі мүмкін. Тіпті жақсы бағдарламашы болсаңыз да, Google сияқты жобаны бастау туралы идеяны қалай ойлап табасыз?
Шындығында, технологияны жақсы меңгерген соң, стартап идеяларын табу оңай. Қандай да бір технологияны жақсы меңгерген кезде, әлемге қарап, жетіспейтін нәрселердің нобайын көре бастайсыз. Сіз технологияның өзінде не жетіспейтінін де, сол технологияның көмегімен қандай олқылықтарды түзеуге болатынын да байқай бастайсыз және олардың әрқайсысы әлеуетті стартапқа айналуы мүмкін.
Біздің үйдің маңындағы қалашықта есігі қиын жабылатынын ескертетін тақтайшасы бар дүкен бар. Бұл белгінің тұрғанына бірнеше жыл болды. Дүкендегі адамдар үшін есіктің қысылып қалуы шешімі жоқ жұмбақ табиғи құбылыс сияқты көрінетін шығар, сондықтан олардың қолынан келетіні — тұтынушыларға ескерту жазып қою ғана. Бірақ бұл жағдайды көрген кез келген ағаш ұстасы: «Неге қысылып тұрған жерін сүргілеп тастамасқа?» деп ойлайтын еді.
Бағдарламалауды жақсы меңгерген бойда, әлемдегі жоқ бағдарламалық жасақтамалардың барлығы ұстаға қысылып тұрған есік сияқты анық көріне бастайды. Өмірден бір мысал келтірейін. ХХ ғасырда американдық университеттер барлық студенттердің есімдері мен байланыс мәліметтері бар баспа анықтамалықтар шығаратын. Бұл анықтамалықтардың қалай аталғанын айтқанымда, қай стартап туралы айтып отырғанымды бірден түсінесіз. Олар facebook деп аталатын, себебі оларда әр студенттің есімінің жанында көбінесе суреті болатын.
Сонымен, 2002 жылы Марк Цукерберг Гарвардқа келеді, ал университетте әлі күнге дейін facebook-тің онлайн нұсқасы жоқ. Әрбір жеке студенттік жатақхананың өз онлайн facebook-і бар, бірақ бүкіл университетке ортақ біреуі жоқ. Университет әкімшілігі бұл мәселе бойынша үзбей жиналыстар өткізіп жатыр және бұл түйткілді тағы бір онжылдықта әрең шешетін шығар. Студенттердің көпшілігі бірдеңенің дұрыс емес екенін байқамайды да. Бірақ Марк — бағдарламашы. Ол бұл жағдайға қарап: «Бұл ақымақтық қой. Мен мұны түзейтін бағдарламаны бір түнде жазып шыға аламын. Адамдарға өз суреттерін жүктеуге рұқсат беріп, содан кейін деректерді бүкіл университетке арналған жаңа сайтқа біріктірсе болғаны» деп ойлайды. Ол дәл солай жасайды. Және сөзбе-сөз бір түннің ішінде оның мыңдаған қолданушысы пайда болады.
Әрине, Facebook әлі стартап емес еді. Ол жай ғана... жоба болды. Тағы да сол сөз. Жобалар тек технологияны үйренудің ең жақсы жолы ғана емес. Олар сонымен қатар стартап идеяларының ең жақсы қайнар көзі болып табылады.
Facebook бұл тұрғыда жалғыз емес еді. Apple мен Google да жоба ретінде басталған. Apple бастапқыда компания болуға арналмаған. Стив Возняк жай ғана өзінің жеке компьютерін жасағысы келді. Бұл Стив Джобс «Біз осы компьютердің сызбаларын басқа адамдарға сата аламыз ба екен?» деген кезде ғана компанияға айналды. Apple осылай басталды. Олар тіпті компьютер де емес, тек компьютер сызбаларын сатып жүрді. Бұл компанияның сол кезде қаншалықты болымсыз болып көрінгенін елестете аласыз ба?
Google туралы да дәл осыны айтуға болады. Ларри мен Сергей де бастапқыда компания құруға тырысқан жоқ. Олар жай ғана іздеу жүйесін жақсартқысы келді. Google пайда болғанға дейін көптеген іздеу жүйелері нәтижелерді маңыздылығы бойынша реттеуге тырыспайтын. Егер сіз «регби» деп іздесеңіз, олар сізге құрамында «регби» сөзі бар әрбір веб-парақшаны шығарып беретін. 1997 жылы интернеттің шағын болғаны соншалық, бұл тәсіл тіпті жұмыс істеді! Біршама. «Регби» сөзі бар бар болғаны 20 немесе 30 бет қана болуы мүмкін еді, бірақ ғаламтор геометриялық прогрессиямен өсті, яғни іздеудің бұл әдісі экспоненциалды түрде жарамсыз болып бара жатты. Пайдаланушылардың көпшілігі жай ғана: «Мәссаған, қажет нәрсемді табу үшін қаншама нәтижені ақтаруым керек болды-ау» деп ойлады. Есік қысылып тұр. Бірақ Марк сияқты Ларри мен Сергей де бағдарламашылар еді. Марк сияқты олар да бұл жағдайға қарап: «Бұл ақымақтық. Регби туралы кейбір парақшалар басқаларына қарағанда маңыздырақ. Соларды анықтап, алдымен соларды көрсетейік» деп ойлады.
Өткенге көз жүгіртсек, бұл стартап үшін тамаша идея болғаны айдан анық. Бірақ ол кезде бұл анық емес еді. Ол ешқашан да бірден анық болмайды. Егер Apple, Google немесе Facebook-ті ашу айқын жақсы идея болғанда, оны басқа біреу баяғыда-ақ істеп қояр еді. Сондықтан ең жақсы стартаптар стартап болуға арналмаған жобалардан өсіп шығады. Сіз компания ашуға тырысып жатқан жоқсыз. Сіз жай ғана өзіңізге қызық көрінген түйсігіңіздің жетегінде келесіз. Ал егер жас болсаңыз және технологияны жақсы меңгерсеңіз, онда сіздің бейсаналы түрде қызыққан түйсігіңіз қандай компания жақсы болатыны туралы саналы ойларыңыздан әлдеқайда артық болады.
Сондықтан, егер сіз жас құрылтайшы болсаңыз, өзіңіз және достарыңыз қолданатын нәрселерді жасау өте маңызды. Жас құрылтайшылардың жіберетін ең үлкен қателігі — қандай да бір белгісіз басқа адамдар тобына арнап бірдеңе жасау. Бірақ егер сіз өзіңіз бен достарыңыз шынымен қолданғысы келетін нәрсені жасай алсаңыз — достарыңыз оны сіздің көңіліңіз үшін ғана емес, егер оны тоқтатсаңыз, одан айырылғанына шындап өкінетіндей нәрсе болса — онда сізде жақсы стартап идеясының бастамасы бар екені сөзсіз. Бұл сізге стартап сияқты көрінбеуі мүмкін. Одан қалай ақша табуға болатыны бірден түсініксіз болуы мүмкін. Бірақ маған сеніңіз, оның жолы табылады.
Стартап идеясы үшін сізге қажет нәрсе, бар болғаны — достарыңыздың шын мәнінде қалайтын нәрсесі. Ал технологияны жақсы меңгерген соң, мұндай идеяларды байқау қиын емес. Қысылып тұрған есіктер барлық жерде бар. [2]
Енді сізге қажет үшінші және соңғы нәрсеге көшейік: тең құрылтайшы немесе серіктестер. Оңтайлы стартапта екі немесе үш құрылтайшы болады, сондықтан сізге бір немесе екі тең құрылтайшы қажет. Оларды қалай табуға болады? Менің бұдан әрі не айтатынымды болжай аласыз ба? Тағы да сол нәрсе: жобалар. Сіз серіктестерді олармен бірге жобаларда жұмыс істеу арқылы табасыз. Тең құрылтайшы ретінде сізге өз ісін жақсы білетін және сізбен жақсы тіл табысатын адам керек, ал мұны анықтаудың жалғыз жолы — олармен бірге бір нәрсені жасап көру.
Осы тұста мен сіздерге естігіңіз келмейтін бір нәрсені айтқалы тұрмын. Сабақтарды, тіпті жай ғана жаттаудан немесе әдебиет туралы бос сөзден тұратын сабақтарды да жақсы оқу шынымен маңызды, өйткені жақсы университетке түсу үшін сабақтарыңызды жақсы оқуыңыз керек. Ал егер сіз стартап ашқыңыз келсе, барынша ең жақсы университетке түсуге тырысуыңыз керек, себебі ең жақсы тең құрылтайшылар дәл сонда болады. Ең жақсы қызметкерлер де сонда. Ларри мен Сергей Google-ды бастаған кезде, олар алдымен Стэнфордтан өздері танитын ең ақылды адамдардың барлығын жұмысқа алды, және бұл олар үшін нағыз артықшылық болды.
Эмпирикалық деректер бұған анық дәлел бола алады. Егер сіз табысты стартаптардың ең көп шыққан жерлеріне көз жүгіртсеңіз, бұл тізім қабылдауы ең қатал университеттердің тізімімен сәйкес келеді.
Меніңше, бұл университеттерден жақсы стартаптардың көптеп шығуы олардың беделді атауына байланысты емес. Сондай-ақ оқыту сапасының жақсырақ болуынан да емес деп ойлаймын. Бұған түрткі болатын нәрсе — жай ғана оған оқуға түсудің қиындығы. MIT немесе Cambridge-ге түсу үшін өте ақылды әрі табанды болуыңыз керек, сондықтан ол жаққа түсе алсаңыз, басқа студенттердің де көпшілігі ақылды және табанды адамдар екенін көресіз. [3]
Стартапты міндетті түрде университетте кездестірген адамыңызбен бірге бастау шарт емес. Twitch негізін қалаушылар жеті жасында танысқан. Stripe негізін қалаушылар Патрик пен Джон Коллисон болса, Джон дүниеге келгенде танысқан. Бірақ университеттер — тең құрылтайшылардың негізгі қайнар көзі. Ал олар серіктестер жүретін орын болғандықтан, идеялар да сол жерден туындайды, өйткені ең жақсы идеялар болашақ серіктестеріңізбен бірге жасайтын жобалардан пайда болады.
Сонымен, қазіргі сәттен бастап стартапты ашуға дейін не істеу керектігінің тізімі өте қысқа. Технологияны жақсы меңгеруіңіз керек, ал оған жетудің жолы — өз жобаларыңызбен айналысу. Сондай-ақ жақсы университетке түсу үшін мектепте қолдан келгенше жақсы оқуыңыз керек, өйткені идеялар да, серіктестер де сол жерде.
Бар болғаны осы, тек екі-ақ нәрсе: өз жобаларыңды жаса және мектепте жақсы оқы.
Ескертпелер
[1] Бұл сөйлемдегі риторикалық тәсіл — «Google» сөздерінің әртүрлі мағынаны білдіруінде. Менің айтқым келгені: Ларри мен Сергей өздері бастаған кезде Google-дың өзінен қаншалықты өсуді күте алса, сайып келгенде Google сияқты орасан зор деңгейге дейін өсуге соншалықты мүмкіндігі бар компания. Бірақ түпнұсқадағы нұсқа өткірірек деп ойлаймын.
[2] Достарыңызға арнап бірдеңе жасау — стартап идеяларының жалғыз қайнар көзі емес. Бұл жай ғана басқа адамдардың не қалайтыны туралы ең аз білімі бар және өз қалаулары болашақ сұранысты бәрінен де дәлірек болжай алатын жас құрылтайшылар үшін ең жақсы қайнар көз болып табылады.
[3] Бір қызығы, бұл бакалавриатқа қабылдау нашар жүргізілетін АҚШ сияқты елдерде ерекше байқалады. АҚШ-тың қабылдау комиссиялары үміткерлерге олардың интеллектуалдық қабілетіне еш қатысы жоқ көптеген ерікті кедергілерден өтуге мәжбүр етеді. Бірақ сынақ қаншалықты ерікті болса, ол соншалықты жай ғана табандылық пен тапқырлықтың сынағына айналады. Ал бұл — стартап құрылтайшылары үшін ең маңызды екі қасиет. Сондықтан АҚШ-тың қабылдау комиссиялары студенттерді іріктеуге қарағанда, болашақ құрылтайшыларды іріктеуді жақсырақ атқарады.
Осы мәтіннің нобайларын оқып шыққандары үшін Джаред Фридманға, Кэролинн Левиге, Джессика Ливингстонға, Хардж Таггарға және Гарри Танға алғыс айтамын.