Мен жай сөздер мен қарапайым сөйлемдерді қолданып жазуға тырысамын.
Мұндай мәтінді оқу жеңілірек, ал бір нәрсені оқу неғұрлым оңай болса, оқырман оған соғұрлым терең бойлайды. Олар мәтініңізді түсінуге неғұрлым аз күш жұмсаса, ойларыңызды қорытуға соғұрлым көп энергиясы қалады.
Және соғұрлым әрірек оқиды. Оқырмандардың көбінің құлшынысы мақаланың немесе эссенің ортасына жеткенде бәсеңдей бастайды. Егер оқу барысындағы кедергі мейлінше аз болса, көбірек адам соңына дейін жетеді.
Итальян асханасында saltimbocca деген тағам бар, бұл «ауызға қарғу» дегенді білдіреді. Менің жазудағы мақсатымды saltintesta деп атауға болар еді: ойлар санаңызға өзі секіріп кіреді, ал оларды жеткізген сөздерді тіпті байқамай да қаласыз.
Жазудың қашан да таза ойлардан ғана тұруын күту — артық үміт. Сіз бұны қаламауыңыз да мүмкін. Бірақ көптеген авторлар үшін және көп жағдайда бұл — ұмтылуға тұрарлық мақсат. Көптеген мәтіндер мен таза ойлардың арасындағы алшақтық поэзиямен толтырылмаған.
Оның үстіне, қарапайым жазу — оқырманға деген құрмет. Адамдарды таңғалдыру үшін әсіреленген күрделі тілмен жазсаңыз, өзіңізді керемет көрсету үшін ғана оларға артық жүк артасыз. Бұл артыңыздан оқырмандар көтеріп жүруге мәжбүр болатын ұзын етекті сүйретіп жүргенмен бірдей.
Сондай-ақ есіңізде болсын, егер сіз ағылшын тілінде жазып жатсаңыз, оқырмандарыңыздың көбі үшін ағылшын тілі ана тілі болмауы мүмкін. Олардың ой-өрісі мен түсінігі ағылшын тілін білу деңгейінен әлдеқайда жоғары болуы ықтимал. Сондықтан күрделі тақырыпта жазу күрделі сөздерді қолдануға болады дегенді білдірмейді.
Әрине, әсіреленген жазу ойды ғана бүркемелеп қоймайды. Ол сонымен қатар ойдың жоқтығын да жасыра алады. Кейбір адамдардың осылай жазатыны сондықтан: олар айтар ештеңесі жоқ екенін жасырғысы келеді. Ал қарапайым жазу сізді адал етеді. Егер қарапайым тілмен түкке тұрғысыз нәрсе айтсаңыз, бұл бәріне, соның ішінде өзіңізге де анық көрініп тұрады.
Қарапайым мәтін ұзақ уақыт бойы өзектілігін сақтайды. Болашақта жазғаныңызды оқитын адамдардың жағдайы бүгінде оны басқа елдерден оқып жатқан адамдардың жағдайына ұқсас болады. Мәдениет пен тіл өзгереді. Бұл туралы қам жеу бос әурешілік емес, ағаш шеберінің орындықты ұзақ жылдарға шыдайтындай етіп жасағаны қандай орынды болса, бұл да сондай орынды.
Шынында да, ұзаққа шыдау — орындықтың да, мәтіннің де кездейсоқ қасиеті емес. Бұл жұмысты жақсы істегеніңіздің белгісі.
Дегенмен, мұның бәрі қарапайым жазудың нақты артықшылықтары болғанымен, менің олай жазуымның басты себебі бұлар емес. Қарапайым жазуымның негізгі себебі — өзгеше жазу менің шамыма тиеді. Тым күрделі болып көрінетін немесе орынсыз интеллектуалды сөздерді қолданған сөйлем жазсам, ол маған әсерлі емес, керісінше, олақ әрі қолапайсыз болып көрінеді.
Әрине, белгілі бір әсер қалдыру үшін күрделі сөйлемді немесе әдемі сөзді қолданғыңыз келетін кездер болады. Бірақ мұны ешқашан байқаусызда істемеуіңіз керек.
Жазғандарымның қарапайым болып шығуының тағы бір себебі — жұмыс істеу тәсілімде. Мен алғашқы нұсқаны жылдам жазып шығамын да, кейін бәрін мінсіз етуге тырысып, бірнеше күн бойы өңдеймін. Бұл редакциялаудың көп бөлігі мәтінді қысқартудан тұрады, ал бұл қарапайым мәтінді одан сайын қарапайым ете түседі.