Мен аса жақсы спикер емеспін. Жиі «э-э», «м-м» деп тұрып қаламын. Кейде ойымнан жаңылысып қалғанда, кідіруге тура келеді. Әрине, жақсырақ сөйлей білгім келер еді. Бірақ менің оған деген құштарлығым жақсырақ жазушы болсам екен деген арманыммен салыстыруға келмейді. Менің шын қалайтыным — жақсы идеяларға ие болу, ал бұл жақсы сөйлеуші болудан гөрі, жақсы жазушы болуға әлдеқайда көбірек қатысты нәрсе.
Жақсы идеялардың болуы — жақсы жазудың басты негізі. Егер не айтып жатқаныңызды анық түсінсеңіз, оны ең қарапайым сөздермен жеткізе аласыз және соның өзінде жұрт сіздің стиліңізді жақсы деп бағалайды. Ал сөйлеуде бәрі керісінше: жақсы идеялардың болуы шешен спикер атанудың тым болмашы бөлшегі ғана.
Мұны мен алғаш рет осыдан бірнеше жыл бұрын бір конференцияда байқадым. Онда менен әлдеқайда жақсы сөйлейтін тағы бір спикер болды. Ол баршамызды күлкіден қыран-топан етті. Оның жанында мен ебедейсіз әрі кекештенген адамдай көріндім. Іс-шара аяқталған соң, әдеттегідей баяндамамды ғаламторға жарияладым. Осыны істеп отырып, әлгі жігіттің сөйлеген сөзінің стенограммасы қандай болар екенін көз алдыма елестетіп көрдім, сонда ғана оның мәнді ештеңе айтпағанын түсіндім.
Мүмкін, көпшілік алдында сөйлеу өнерін жақсырақ білетін біреу үшін бұл анық нәрсе болар еді, бірақ идеялардың жазуға қарағанда сөйлеуде әлдеқайда аз мәнге ие екені мен үшін үлкен жаңалық болды. [1]
Бірнеше жыл өткен соң мен жай ғана менен жақсы сөйлейтін емес, танымал спикердің баяндамасын тыңдадым. Шіркін, қалай керемет сөйледі десеңізші! Оның мұны қалай істейтінін үйрену үшін, не айтып жатқанына барынша зейін қоюды ұйғардым. Шамамен он шақты сөйлемнен кейін өзімнің «жақсы спикер болғым келмейді екен» деп ойлап отырғанымды байқадым.
Шынымен мықты спикер болу жақсы идеялардың болуына перпендикуляр (мүлдем қатысы жоқ) болумен ғана шектелмейді, көп жағдайда ол сізді қарама-қарсы бағытқа қарай итермелейді. Мысалы, баяндама жасағанда, мен әдетте оны алдын ала қағазға түсіріп аламын. Бұның қателік екенін білемін; алдын ала жазылған мәтінді оқып беру аудиториямен байланыс орнатуды қиындататынын түсінемін. Аудиторияның назарын аударудың жолы — бар назарыңызды оларға аудару, ал алдын ала жазылған мәтінді сөйлегенде, сіздің назарыңыз — тіпті оны жатқа білсеңіз де — әрдайым аудитория мен сөзіңіздің арасында бөлініп тұрады. Егер аудиторияны баурап алғыңыз келсе, айтпақ ойыңыздың тек сұлбасымен ғана бастап, әрбір сөйлемді экспромтпен, өздігіңізден құрастырған абзал. Бірақ бұлай істесеңіз, әр сөйлемді ойлауға оны айтып шығуға кететін уақыттан артық уақыт жұмсай алмай қалуыңыз мүмкін. [2] Кейде тірі аудиториямен тілдесудің қызуы жаңа ойларға жетелейді, бірақ тұтастай алғанда, бұл әр сөйлемге қалағаныңызша уақыт бөлуге болатын жазу үдерісі секілді идея тудыра алмайды.
Егер алдын ала жазылған сөзді жеткілікті түрде дайындасаңыз, экспромтпен сөйлеген кездегідей байланыс деңгейіне барынша жақындай аласыз. Актерлер осылай істейді. Бірақ мұнда да сөздің жатықтығы мен идеялар арасындағы ымыраға келуге тура келеді. Сөйлейтін сөзіңізді жаттықтыруға жұмсайтын барлық уақытты оны жақсартуға да жұмсауға болар еді. Актерлер мұндай азғырылуға тап болмайды (сирек жағдайларда өздері сценарий жазбаса), ал кез келген шешен мұны бастан өткереді. Баяндама жасаудың алдында мен көбіне қағазға басылған мәтінді ұстап, бір бұрышта ойша дайындалып отырамын. Бірақ бәрібір уақытымның көп бөлігін оны қайта жазумен өткіземін. Әрбір сөйлеген сөзім үстінен сызылып, қайта жазылған мәтінге қарап сөйлеумен аяқталады. Бұл, әрине, мені одан сайын тұтықтырып, «э-э» дей беруге мәжбүр етеді, өйткені жаңа бөліктерді жаттықтыруға мүлде уақытым болмайды. [3]
Аудиторияңызға байланысты бұдан да сорақы ымыралар бар. Тыңдармандар жағымпазданғанды жақсы көреді; әзілдерді ұнатады; олардың екпінді сөз легімен еліткенін қалайды. Аудиторияның зияткерлік деңгейі төмендеген сайын, жақсы спикер болу көбінесе шебер былшылдаушы (өтірікті шындай ғып айтушы) болуға ұласады. Бұл, әрине, жазуда да кездеседі, бірақ сөйлегенде төмен құлдырау әлдеқайда тік. Кез келген адам оқырман ретіндегіден қарағанда, аудитория мүшесі ретінде ақымақтау болып келеді. Экспромтпен сөйлейтін спикер әр сөйлемді ойлауға оны айтуға қанша уақыт кетсе, сонша ғана уақыт бөле алатыны сияқты, сөз тыңдап отырған адам да әр сөйлем туралы ойлануға оны естуге қанша уақыт кетсе, сонша ғана уақыт жұмсай алады. Оның үстіне, залдағы адамдарға қасындағылардың реакциясы әрдайым әсер етеді, ал аудиторияда адамнан адамға таралатын реакциялар — қабырғадан жоғары дыбыстарға қарағанда төмен ноталардың жақсы өтетіні сияқты — көбінесе дөрекілеу сипатта болады. Әрбір аудитория — бұл бастапқы тобыр, ал жақсы спикер осыны пайдаланады. Әлгі конференциядағы жақсы спикердің сөзіне соншалықты көп күлгенімнің бір себебі — басқалардың бәрінің күлгені болды. [4]
Сонда сөйлеу мен баяндамалар түкке тұрғысыз ба? Идеялардың қайнар көзі ретінде олар жазбаша сөзден әлдеқайда төмен екені анық. Бірақ сөйлеудің пайдасы мұнымен ғана шектелмейді. Баяндамаға барсам, мені әдетте спикердің тұлғасы қызықтырады. Сөйлеген сөзді тыңдау — біз сияқты көптеген адам үшін өзімен кездескісі келетіндердің бәрімен жеке-жеке жүздесуге уақыты жоқ президент секілді біреумен әңгімелесуге барынша жақын жалғыз мүмкіндік.
Сондай-ақ баяндамалар маған қандай да бір іс-әрекетке түрткі болуға, мотивация беруге жақсы. Көптеген әйгілі спикерлердің мотивациялық спикерлер деп аталуы кездейсоқтық емес шығар. Көпшілік алдында сөйлеудің негізгі мақсаты да осы болуы мүмкін. Бәлкім, о баста солай болған да шығар. Сөйлеген сөз арқылы оятуға болатын эмоционалдық реакциялар орасан зор күшке айнала алады. Бұл күш жамандықтан гөрі жақсылыққа көбірек қызмет етті деп айта алсам ғой, бірақ бұған онша сенімді емеспін.
Ескертпелер
[1] Мен мұнда сипаты мүлдем бөлек академиялық баяндамалар туралы айтып отырған жоқпын. Академиялық баяндаманың аудиториясы әзілді бағалауы мүмкін болса да, олар сіздің қандай жаңа идеялар ұсынып жатқаныңызды түсіну үшін саналы түрде күш салады (немесе кем дегенде солай істеуі керек).
[2] Бұл ең төменгі шек. Іс жүзінде бұдан жақсырақ жасауға болады, өйткені баяндамалар әдетте бұрын өзіңіз жазған немесе айтқан нәрселер туралы болады, ал экспромтпен сөйлегенде, сіз сол сөйлемдердің кейбірін еріксіз қайталайсыз. Ерте орта ғасырлық сәулет өнері сияқты, экспромт түріндегі сөздер де сполиялардан (қайта пайдаланылған құрылыс материалдарынан) тұрады. Айтпақшы, бұл біршама әділетсіз болып көрінеді, өйткені сіз ол сөйлемдерді дәл қазір ғана ойлап тапқандай жеткізуіңіз керек.
[3] Роберт Моррис баяндамаларды жаттықтырудың оларды жақсартатын бір тұсы бар екенін айтады: баяндаманы дауыстап оқу кедір-бұдыр тұстарын айқындап береді. Мен мұнымен келісемін, тіпті сол себепті өзім жазған нәрселердің көбін кем дегенде бір рет дауыстап оқып шығамын.
[4] Аудитория жеткілікті деңгейде шағын болса, аудиторияның бір бөлшегі болу адамдарды ақымақтау қылады деген пікір дұрыс болмауы мүмкін. Нағыз құлдырау аудиторияның көлемі тым үлкейіп, баяндама еркін әңгімеге ұқсамай қалған кезде — шамамен 10-нан астам адам жиналғанда басталатын сияқты.
Осы мәтіннің нобайын оқып шыққандары үшін Сэм Альтман мен Роберт Морриске алғыс білдіремін.