11 наурызда Y Combinator-дың құрылғанына 7 жыл толды. Әдеттегідей, жұмыстан қолымыз босамай жүріп, мұны бірнеше күннен кейін ғана аңғардық. Өз туған күнімізді дәл сол күні еске түсіру біздің қолымыздан ешқашан келмеген шығар.
2005 жылдың 11 наурызында Джессика екеуміз Гарвард алаңында (Harvard Square) кешкі астан соң үйге жаяу қайтып келе жаттық. Ол кезде Джессика инвестициялық банкте істейтін, бірақ ол жұмысты онша ұнатпағандықтан, Бостондағы бір венчурлік қордың маркетинг жөніндегі директоры лауазымына сұхбаттасудан өткен еді. Венчурлік қор қазіргі уақытта күлкілі дәрежеде таныс болып көрінетін әдетін жасап жатты: шешім қабылдауға тым көп уақыт созды. Осы аралықта мен Джессикаға венчурлік бизнесте олардың нені өзгертуі керектігін айтып жүрдім — түптеп келгенде, бұл қазіргі Y Combinator-дың негізіне айналған идеялар еді: инвесторлар көбірек әрі азырақ мөлшерде инвестиция құюы керек, костюм кигендерді емес, хакерлерді қаржыландыруы керек, жас қалаушыларға қаржы беруге дайын болуы керек, т.б.
Ол кезде мен бизнес-періште ретінде инвестиция салу туралы ойланып жүргенмін. Мен Гарвардтағы студенттердің компьютерлік клубында стартапты қалай бастау керек деген тақырыпта жаңа ғана сөз сөйлеген едім, содан кейін мені мына ой мазалады: бизнес-періште болуды үнемі жоспарлап жүрсем де, бұған жетерлік ақша пайда болғанына міне 7 жыл өтсе де, әлі ештеңе бастамаппын. Сонымен қатар мен Роберт Моррис және Тревор Блэквеллмен қайтадан бірге жұмыс істеу жолдарын ойластырып жүрген едім. Бірнеше сағат бұрын ғана оларға бірге не істей алатынымызды талқылау үшін хат жібергенмін.
Гарвард алаңы мен менің үйімнің арасында идея толық пісіп-жетілді. Біз өз инвестициялық фирмамызды ашамыз және Джессика сонда жұмыс істей алады. Уокер көшесіне (Walker Street) бұрыла бергенде, біз бұған бел будық. Мен жаңа қорға 100 мың доллар құюға келістім, ал Джессика онда жұмыс істеу үшін жұмысынан кетуге келісті. Келесі екі күнде мен Роберт пен Треворды тарттым, олардың әрқайсысы тағы 50 мың доллардан салды. Сөйтіп YC 200 мың доллармен басталды.
Джессика жұмысын тастап, өз компаниясын бастай алатынына қатты қуанғаны сонша, үйге келген бойда мен оны суретке түсіріп алдым.
Компания ол кезде әлі Y Combinator деп аталмаған еді. Бастапқыда біз оны Cambridge Seed деп атадық. Бірақ бұл атау жарық көрмеді, өйткені бірнеше күннен кейін оны жариялаған кезде атын Y Combinator деп өзгертіп үлгердік. Біз істеп жатқан ісіміздің ауқымы бүкіл ел көлемінде болуы мүмкін екенін ерте түсіндік және бізді бір ғана жерге байлап қоятын атауды қаламадық.
Бастапқыда бізде идеяның бір бөлігі ғана болды. Біз стандартталған шарттармен бастапқы қаржыландыруды (seed funding) жүзеге асырмақ болдық. YC-ге дейін бастапқы қаржыландыру өте жүйесіз еді. Алғашқы 10 мың долларыңызды досыңыздың бай ағасынан алар едіңіз. Келісімшарт талаптары көбіне сұмдық күйде болатын; көбінесе инвестор да, қалаушылар да, тіпті заңгер де құжаттардың қандай болуы керектігін білмейтін. Facebook-тің алғашқы кезеңде Флоридадағы ЖШС (LLC) ретінде болған тарихы ол күндері жағдайдың қаншалықты кездейсоқ болғанын көрсетеді. Біз бұрын-соңды болмаған нәрсеге айналғымыз келді: бастапқы қаржыландырудың стандартты көзі.
Біз YC үлгісін Viaweb-ті бастаған кезде өзіміз алған бастапқы қаржыландыруға негіздедік. Біз Viaweb-ті досымыз Джулиан Веберден алған 10 мың доллармен бастадық. Ол Гарвардта аспирант болып жүрген кезімде кескіндеме сабағына қатысқан жетекшім Идель Вебердің күйеуі болатын. Джулиан бизнесті жақсы білетін, бірақ оны қатып қалған костюм кигендердің қатарына жатқыза алмайтын едіңіз. Сонымен қатар ол National Lampoon журналының президенті болған. Ол әрі заңгер болатын және барлық құжаттарымызды дұрыс реттеп берді. 10 мың доллар бергені, компания ретінде құрылуымызға көмектескені, бизнестің мәнін үйреткені және дағдарыс сәттерінде сабырлылық танытқаны үшін Джулиан Viaweb-тің 10%-ын алды. Бірде Джулианның қандай керемет тиімді мәміле жасағаны туралы ойлағаным есімде. Бірақ бір секундтан соң Джулиансыз Viaweb-тің ешқашан жетістікке жете алмайтынын түсіндім. Сондықтан бұл оған тиімді мәміле болғанымен, біз үшін де тиімді мәміле еді. Міне, сондықтан мен Y Combinator сияқты нәрсеге орын бар екенін білдім.
Бастапқыда бізде ең маңызды болып шыққан идея болған жоқ: стартаптарды бұрынғыдай асинхронды емес, синхронды түрде қаржыландыру. Дәлірек айтқанда, идея болды, бірақ оның маңыздылығын жете түсінбедік. Біз өте ерте кезден-ақ ең бірінші жасайтын ісіміз келесі жаз бойы бір топ стартапты қаржыландыру болады деп шештік. Бірақ бастапқыда барлық инвестициямызды осылай жасаймыз деп ойламаған едік. Стартаптар тобын бірден қаржыландырудан бастағанымыздың себебі — бұл стартаптарды қаржыландырудың жақсырақ тәсілі болады деп ойлағандықтан емес, жай ғана бизнес-періште болуды үйренгіміз келгендіктен және студенттерге арналған жазғы бағдарлама бұған ең жылдам жол болып көрінгендіктен еді. Жазғы жұмысқа ешкім соншалықты байсалды қарамайды. Бір топ студенттің жазды стартаптарға жұмсауының балама құны өте төмен болды, сондықтан оларды бұған үгіттегеніміз үшін өзімізді кінәлі сезінбес едік.
Студенттердің жазға қазірден жоспар құрып жатқанын білдік, сондықтан стартаптарға үнемі айтатын кеңесімізді өзіміз жасадық: тез арада іске қостық. Міне, сол кезде Summer Founders Program деп аталған бағдарламаның алғашқы хабарландыруы мен сипаттамасы.
Жазғы бағдарламаның ұзақтығы мен құрылымы біздің ісімізге дәл келіп, жолымыз болды. YC циклінің құрылымы әлі күнге дейін сол алғашқы жаздағымен бірдей дерлік.
Сондай-ақ бірінші лектегі қалаушылар жағынан да жолымыз болды. Біз сол алғашқы топтан қандай да бір ақша табамыз деп мүлде күтпеген едік. Біз салған ақшамызды білім беру шығыны мен қайырымдылық садақасының қосындысы деп қарастырдық. Бірақ алғашқы лектің қалаушылары таңғаларлықтай мықты болып шықты. Оның үстіне тамаша адамдар еді. Олардың көбімен бүгінге дейін доспыз.
Сол кезде YC-дің қаншалықты мардымсыз болып көрінгенін адамдардың қазір елестетуі қиын. Бізге байсалды қарамаған адамдарды кінәлай алмаймын, өйткені ең басында сол алғашқы жазғы бағдарламаға біздің өзіміз де байсалды қарамаған едік. Бірақ жаз өте келе, стартаптардың жұмысының жақсы жүріп жатқаны бізді барған сайын тәнті етті. Басқа адамдар да таңғала бастады. Джессика екеуміз біреудің YC-дің мүлде дәрменсіз емес екенін түсінген сәтін сипаттау үшін «Y Combinator эффектісі» деген терминді ойлап таптық. Сол алғашқы жазда адамдар YC-ге кешкі ас кезінде сөз сөйлеуге келгенде, бойскауттар жасағының алдына келгендей көңіл-күймен келетін. Ал ғимараттан шығып бара жатқанда олардың барлығы: «Оһо, бұл компаниялар шынымен де табысқа жетуі мүмкін ғой» дегенге ұқсас сөздерді айтып жататын.
Қазір YC өте танымал, сондықтан біз қаржыландыратын компаниялардың сенімді екеніне адамдар бұдан былай таңғалмайды, бірақ беделдің шындыққа сәйкес келуі үшін біраз уақыт қажет болды. «Ойыншық» деп еленбеуі мүмкін идеяларды қаржыландыруды ерекше ұнататынымыздың бір себебі де осы — өйткені YC-дің өзі бастапқыда солай қабылданбаған еді.
Компанияларды синхронды қаржыландырудың қаншалықты жақсы жұмыс істейтінін көргенде, біз мұны одан әрі жалғастыруды ұйғардық. Біз жылына стартаптардың екі легін қаржыландыратын болдық.
Екінші топты біз Кремний алқабында қаржыландырдық. Бұл соңғы сәтте қабылданған шешім болды. Өткенге көз жіберсем, мені бұған итермелеген сол күзде Foo Camp-ке баруым болды деп ойлаймын. Bay Area аймағындағы стартап өкілдерінің шоғырлануы Бостонға қарағанда әлдеқайда жоғары еді, ауа райы да керемет болатын. Бұл менің 90-жылдары сонда тұрған кезімнен есімде қалған еді. Оның үстіне, басқа біреудің бізді көшіріп алып, өзін Кремний алқабының Y Combinator-ы деп атауын қаламадым. Мен YC-дің өзі Кремний алқабының Y Combinator-ы болғанын қаладым. Сондықтан Калифорнияда қысқы лекті өткізу өзімшіл таңдау мен өршіл таңдау бір-бірімен сәйкес келген сирек жағдайлардың бірі болып көрінді.
Егер қалағанымызды жасауға жеткілікті уақытымыз болғанда, Y Combinator Берклиде (Berkeley) болар еді. Бұл Bay Area-дағы біздің ең сүйікті жеріміз еді. Бірақ Берклиден ғимарат табуға уақытымыз болмады. Біздің жалпы ешқай жерден өз ғимаратымызды сатып алуға не жалдауға уақытымыз болмады. Уақытында жеткілікті орын табудың жалғыз жолы — Треворды оның Маунтин-Вьюдегі (сол кезде алып көрінген) ғимаратының бір бөлігін бізге беруге көндіру болды. Тағы да жолымыз болды, өйткені Маунтин-Вью YC сияқты нәрсені орналастыруға ең қолайлы орын болып шықты. Бірақ сонда да әрең үлгердік. Калифорниядағы алғашқы кешкі аста қалаушылардың барлығына қабырғаларды ұстамауды ескертуге тура келді, себебі бояу әлі кеппеген еді.